Қазақстан 2025 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін орнатуға 1 трлн тг инвестиция тартады. Үкімет отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев осылай деп мәлімдеді. Алдағы төрт жылда бұл бағытта жалпы қуаты 1 ГВт-ты құрайтын 62 жобаны іске қосу көзделген. Сонымен қатар оның айтуынша, 2025 жылға дейін елді газдандыру үлесі 60% құрауы керек. Соның арқасында 12 миллионға жуық адам көгілдір отынға қол жеткізеді. Бұл орайда ведомства басшысы елдің жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарын кешенді түрде газға көшіру шаралары да қолға алынғанын тілге тиек етті. Мәселен, елордада 2022 жылы екі, ал Алматыда 2026 жылға дейін газға алмастырылып жаңғыртылған үш электр орталығы қолданысқа беріледі. Көмір өндіру бойынша озық технологиялар енгізіледі. Мұндағы басты мақсат – еліміздің экологиясын қорғап, қоршаған ортаға зиянды заттардың бөлінуін азайту.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Жоғарыда аталған жоспарларды іске асыру электр энергиясын өндіру құрылымында келесі өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Біріншіден, көмір өндіру үлесі 70-тен 40,3% дейін төмендейді. Екіншіден, газ генерациясы 20-дан 38% дейін ұлғаяды. Үшіншіден, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 3-тен 15% дейін артады. Бұл Қазақстанға Париж келісімі бойынша жасалған міндеттемелерді орындап, 2060 жылға қарай одан әрі декарбонизациялау және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов