Қазақстан Үкіметі елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін жедел іс-қимыл жоспарын қабылдады. Негізгі міндеттерден басқа қазақстандықтар мен бизнес субъектілерінің қауіпсіздігі мен жан-жақты қолдауына бағытталған. Бұл туралы Үкімет отырысында Әлихан Смайылов мәлімдеді. Ол жоспар қаңтар оқиғасының салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсетуді, сондай-ақ ТЖ режимі аяқталғанға дейін банктегі қарыздарын кейінге шегеруді қамтитынын атап өтті. Сондай-ақ 1 ақпанға дейін Қазақстанда Мемлекеттік кірістер органдарының салықтық және кедендік тексерулері тоқтатылады. Жалпы құжат қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымдар, сауалнамалар, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу сияқты бағыттар бойынша 51 іс-шараны қамтиды. Өз сөзінде Үкімет басшысы бизнеске түсетін жүктемені азайту шараларына жеке тоқталды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- 1 ақпанға дейін мемлекеттік кіріс органдарының салықтық және кедендік тексерулері мен камералық бақылау хабарламаларын беру уақытша тоқтатылады. «Атамекен» палатасымен бірге «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасын әзірлеп, қабылдау жоспарланып отыр. Біз үшін ең басты мақсат – халықтың табысын арттыру. Кез келген жоспар, бағдарлама бірінші кезекте халықтың табысын арттыруға бағытталуы тиіс. Басқарудың барлық деңгейінде жұмыстың тиімділігі дәл осы көрсеткіш бойынша бағаланатын болады.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов Үкімет инфляцияның өсуіне жол бермеу үшін жүйелі шаралар қабылдауы қажет екенін атап өтті. Премьер-Министр ҚР Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп 1 ақпанға дейін Үкіметке инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін енгізуді тапсырды.