Еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу. Қазақстан өз алдына осындай стратегиялық міндет қойып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Digital Bridge халықаралық технологиялық форумында айтты. Мемлекет басшысы, сарапшылардың болжамы бойынша, он жылдан кейін әлемде өнімдер мен қызметтердің 70 % цифрлық платформалық модельдер негізінде құрылатынын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде еліміз БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік отыз елдің қатарында. Бүгінде Қазақстан – цифрлық құжаттарды толыққанды енгізген санаулы елдердің бірі. Сонымен қатар отбасының цифрлық картасы жобасы да жүзеге асырылуда. Қазақстанның одан әрі цифрлық трансформациясы мемлекеттік басқаруды цифрландырудың сапалы жаңа форматына – «Invisible Government» мүлде жаңа форматына көшуді, цифрлық экономиканы қолдау шараларын, IT-секторы үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді. Мысал ретінде «Astana Hub»-ты айтуға болады. Технопарк арнайы салық және виза режимінде жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 900-ден астам компания оның резиденті атанып, қазақстандық және халықаралық нарықтарда табысты қызмет етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Халқының 40% жуығы ауылдық жерде тұратын біздің еліміз үшін барлық азаматты қолжетімді және сапалы интернетпен қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі шалғайдағы ауылдарды SpaceX және OneWeb төмен орбиталы спутник жүйесінің желісімен қамту жұмысын күшейтуі керек.