Алматы өңірінің танымал тау бағыттары картографиялық платформаларға
енгізіледі. Оларды сандық жүйеге келтіру тау кластерін дамытуға бағытталған
ауқымды жоспардың бір бөлігі. Оның аясында аймақтың туристік бағыттарын
байланыстыратын жаңа аспалы жолдар салу көзделген. Сонымен қатар, заманауи
қонақүйлер, глэмпинг аймақтары және жетілдірілген көлік желісі пайда болады.
Айбол Мұратхан, Алматы қ. Туризм басқармасының Тау
кластерін дамыту бөлімінің бас менеджері:
- Біз таулы жаяу жүргіншілер бағыттарын 2GIS, Яндекс
сияқты картографиялық платформаларға цифрландыруды жоспарлап отырмыз. Үлкен Алматы шатқалын
тау шаңғы спорты мен белсенді демалыс орталығы ретінде дамытсақ, кіші Алматы
шатқалын тау туризміне, экотуризмге және мәдени-танымдық саяхаттарға бағыттап
отырмыз. Жоспар аясында экологиялық соқпақтарды абаттандыру, навигация орнату
және демалушыларға қолайлы жағдай жасау қарастырылған.
Одан бөлек, Қазақстан шет елдермен әуе қатынасын белсенді түрде дамытып келеді.
Алматыдан Франкфурт, Шанхай, Гуанчжоу, Мумбай, Нью-Йорк және Токио қалаларына
тікелей рейстер ашу көзделген. Мұның барлығы Алматы туристік кластеріне сырттан
саяхатшылар ағынын үш есе арттырып, жылына 1,8 млн адамға дейін жеткізуге мүмкіндік
береді. Экономикалық әсері де айтарлықтай сезілмек. Салық түсімдері 90 млрд
теңгеден 184 млрд теңгеге дейін өседі деп күтілуде. Жалпы, Алматыдағы туризмді
дамытуға 655 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

