Қазақстанның Эфиопиядағы елшілігінде Жамбыл Жабаев, Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев сынды қазақтың ұлы ақындары және өзге де отандық сөз зергерлерінің танымал туындылары оқылды. Онда қазыналы қазақ халқының шығармашылығына арналған мәдени кеш өтті. Жиынға осы мемлекетте тұрып жатқан қандастарымыз қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жырақтағы өскелең ұрпаққа ата жұртының төл мәдениеті, әдет-ғұрпы мен тұрмыстық салт-санасынан сыр шертеді. Ұлттық болмыстың қайнар көзі әдебиет пен халықтың сазды әуенінде жатыр дейді олар.
Сондай-ақ елшіліктің қабырғасында елорда күніне орай Қазақстанның бас шаһарына арналған фотокөрме қанат жайды. Ондағы туындылардың барлығы дерлік Тәуелсіз елдің 30 жылда еңсерген жетістіктерін баяндайды. Бұған қоса кеш барысында Эфиопияда Абай Құнанбаев атындағы мәдени орталықтың жұмысы қайта жанданатыны мәлім болды. Орталықтың жұмысы жаһандық пандемияның кесірінен тұралап қалған болатын.