Қазақстанда еліміздегі алғашқы атом электр станциясын салу мәселесі бойынша республикалық референдумға дайындық белсенді жүргізілуде. Естеріңізге сала кетейік, дауыс беруге 12 миллионнан аса адам қатыса алады. 10 мыңнан астам учаске ашылады. Елордаданың өзінде 6 қазанда 464 учаске жұмыс істейді. Олар таңғы сағат 7-де ашылып, кешкі сағат 8-де жабылады. Азаматтар өз таңдауын жасағаннан кейін учаскелік референдум комиссияларының мүшелері дауыстарды санай бастайды. Бюллетеньде мемлекеттік және орыс тілдерінде бар-жоғы екі жауап пен бір сұрақ болады. Бұл «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?»деген сауал мен «Иә, келісемін» немесе «Жоқ, келіспеймін» деген жауап нұсқалары. Егер тізімге енгізілген азаматтардың жартысынан астамы дауыс берсе, референдум өтті деп есептеледі.
Бейсембай Жұмабеков, Астана қаласының аумақтық референдум комиссиясының төрағасы:
– Әрбір азамат қарсы екенін немесе АЭС салуды қоллдайтынын білдіре алады. Референдум күні алдымен бақылаушыларды отырғызу, олардың міндеттері мен құқықтарын таныстыру жұмыстары жүргізіледі. Осыдан кейін, әрине, хаттама жасалып, жәшіктер мөрленеді. Дауыс басталмай тұрып, бақылаушыларға дауыс беру үшін барлық жағдай жасалған кабиналар көрсетіледі.
Айта кетейік, референдумдағы дауыс беру тәртібі әдеттегі сайлаудан ерекшеленеді. Ең бастысы мұнда әрине ешқандай үміткер жоқ. Азаматтар мемлекеттік маңызы бар нақты мәселе бойынша өз пікірін білдіреді. Дауыс беру барысын бақылаушылар күні бойы қадағалайды. Бүгінгі таңда 18 ұйым ОСК аккредитациясын алды.