Бұл Австрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісінің шығармашылық жұмысының жемісі. Елші барған жерінде дипломатиялық қарым-қатынас орнатумен қатар мәдени-рухани байланыс құруға ден қояды. Маңызды қызмет барысындағы алған әсерлерін бояу тілі арқылы жеткізуді әдетке айналдырған. Көрмеге соңғы 15 жылда жасаған 120 еңбегі қойылған. Оның дені Қазақстан жерінде дүниеге келді. Өзгелері Конго, Женева, Брюссель мен Доха, Тель-Авивте салынған. Қыл қалам шебері әрі білікті дипломат ағаш ою өнерінен де құралақан емес. Кейде ішкі жан дүниесіндегі ой арпалыстарын қара өлең жолдары арқылы жеткізеді. Атап айта кетерлігі, Көрмеде сатылған еңбектерінен түскен қаражат елімізде қайырымдылыққа бағытталады.
Вилли Кемпель, Австрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Менің артымдағы ағаш панельдегі жұмыстар тунистік суретшімен бірлесіп Катарда жасалды. Пандемия салдарынан оны кеңге ұсынудың бүгінге дейін мүмкіндігі болмады. Сондықтан Астанада осы еңбектің тұсауы кесілді деп айтсам болады. Онда сим карталар ағаштан ойылып жасалған. Бүгінде әлемді жаулап алған байланыс құралының түрлі бағытын сипаттап көрдім. Оларды түс және мәнер арқылы ерекшелеп көрсеттім. Бұл жаһандық байланыстың оң және теріс әсері бар. Алыстағыларды жақындататын құдіретімен қоса, адамдарды ғаламтор әлеміне баурап алып, уақытын зая кетіруіне әсері тиетіні белгілі. Бұл мәселені осылай жеткізуге тырыстым. Жалпы еңбектерім әрбір адам өз алтын кілтін таба алады деген мағынада жасалды.