Қазақстан Президентінің Қырғызстанға сапары барысында 10 құжатқа қол қойылды. Бұл келісімдер екі ел ресми делегацияларының қатысуымен өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөзден кейін жүзеге асты. Оның ішінде, қазақ-қырғыз шекарасында сауда-логистикалық орталық салу, ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестік, авиациялық құтқару жөніндегі келісімдер бар. Қасым-Жомарт Тоқаев перспективті жобалардың тізімін жасай отырып, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға шақырды. Соның бірі – Қырғызстандағы Қамбар ата гидроэнергетикалық нысанын бірлесіп салу. Келіссөз барысында су дипломатиясы, ақпараттық технология саласындағы кооперацияны нығайту мәселелері де қарастырылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы еліміздің сегіз жоғары оқу орны Қырғызстанда өкілдіктерін ашуға ниет білдіріп отырғанын атап өтті. Бұл ретте студенттер үшін бөлінетін квоталар саны 50-ге дейін көбейгенін жеткізді. Отырыс соңында қос мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықты мейлінше жаңа деңгейге көтеруге, серіктестікті одан әрі жандандыруға және халықаралық аренадағы іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Шын мәнінде, елдеріміз өте жақын, көне заманнан келе жатқан игі дәстүр, көзқарасымыз бір, болмысымыз өте ұқсас. Биыл дипломатиялық қатынас орнатқанымызға 30 жыл толып отыр. Осы уақытта ынтымағымыз барынша кеңейді. Достығымыз нығая түсті. Біз барлық деңгейде өзара сенімге негізделген саяси диалог орнаттық.