Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды сақтау бойынша тізіміне енгізілді. Бұл – жай мәртебе емес, жаһандану үрдісі кезінде өзіндік тарихи даралықты сақтап қалу мүмкіндігі. Ұйым биыл әлемнің түкпір-түкпірінен 59 номинацияны жариялаған еді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұсынған Қырғызстан бұл санатта бірінші тұрды. Мамандардың айтуынша, жарыстар көшпелі халықтың ұлттық спорт дәстүрлеріне қызығушылығын жаңғырта түскен. Сол себепті де ЮНЕСКО тізіміне енгізілді.
Азамат Жаманқұлов, Қырғызстанның мәдениет, ақпарат және туризм министрі:
- Бұл – мәдениет, ұлттық спорт түрлерін сақтау мен насихаттауға арналған алаң. Сондықтан мәдени мұраны сақтау бойынша халықаралық алаң ретінде танылды.
Айнаш Анарбекова, волонтёр:
- Бұл – маңызды оқиға. Әрине, дүниежүзілік мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО тізіміне енсек, қуана-қуана өз үлесімізді қосамыз. Бұл – біз үшін үлкен абырой. Өйткені дәстүрлерді сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа сол қалпында жеткізу – үлкен міндет.
Көшпелі халықтардың ұлттық спорт жарыстарын өткізу ұсынысы Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия президенттері қатысқан 2012 жылы өткен Түркі тілдес елдердің саммитінде қолдау тапқан еді. Екі жылдан кейін Ыстықкөл жағалауында алғашқы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Қазақстандық спортшылар бұл жарыстарда әрқашан көш басынан көрініп келеді.