Алматылық Дүйсенбековтер отбасы өте сирек кездесетін кітаптарды ұзақ жылдар бойы үйінде сақтап келген. Құнды жәдігерлер араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылып, Пәкістан, Үндістан, Түркия және Қазан баспаларында жарық көрген. Бұл еңбектердің арасында Орталық Азияда ғана емес, әлемге танымал болған құнды кітаптар бар. Солардың бірі 1324 жылы Мысырда басылып шыққан Құран Кәрім. Әдебиет, дін, тарих, тіл, география тақырыбындағы кітаптардың көпшілігін Дүйсенбек Қабыланбайұлы көзі тірісінде жинаған.
Бақытжан Дүйсенбеков, биология ғылымдарының кандидаты:
- Бұл атамыздың өз өмірінде үлкен еліне қызмет еткен. Яғни діни тұрғыдан рухани байлықты беріп қана қоймай, ол атамыз шығыс медицинасымен айналысқан. Емшілікпен айналысу барысында да қаншама еңбектер осы қолжазбаларында, кітаптарында барлығы ғылыми тұрғыда жасалған дүниелер.
Қазанда басылған мына татар тіліндегі кітапта Ақмола шаhарының географиялық орналасуы мен саяси-әлеуметтік жағдайы жазылған. Сол кездегі Ақмола қазақ даласының орталығы ретінде Сібір мен Орталық Азия арасында алтын көпір қызметін атқарып, мәдениеттердің алмасуына септігін тигізгені баяндалады.
Жансейіт Түймебаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры:
- Қазірдің өзінде мына кітаптардың XVII ғасырдағы парсы тіліндегі медицина туралы құнды кітап, мынау фармецевтика бойынша XVIII- XIX ғасырда жазылған. Құранның қолжазба қорлары бар.
Жалпы көлемі 300-ге жуық көне кітапты Дүйсенбектор отбасы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасына табыстады. Енді оқу орнында арнайы жұмыс тобы құрылып, көне кітаптар ғылыми тұрғыда зерттелмек.