Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі. Осындай атаумен Ыстамбұлда Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы басталды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған үш күндік алқалы шараға Түркия және Еуропа елдерінен арнайы шақырылған қазақ диаспораларының өкілдері жиналды. Жоспарланған шаралар арасында Ыстамбұлда белгілі спортшы Мұстафа Өзтүрік атындағы саябақтың ашылуы, «Алыстағы ағайын» фильмінің көрсетілімі, қандастарға арналған білім көрмесі бар. Жылына бір рет өтетін құрылтайдың биылғы тақырыптары өзекті. Елімізде қандастарымызға жасалған мүмкіндіктер мен шетелдегі, оның ішінде Түркиядағы қазақ диаспорасының ахуалы, бүгіні мен болашағы талқыланып, қатысушылар арнайы үндеу жарияламақ.
Әділбек Ыбырайымұлы, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ төрағасының орынбасары:
- Құрылтай – жыл сайын өтіп отыратын мемлекеттік шара. Бармасаң, келмесең жат боларсың дегендей, ағайындар арасының бір-бірінен алшақ болмауын көздейтін және осы ымырада, ауызбіршілікте сыртта жүрсе де тарихи отанымен тамыры байланыста екенін көрсетіп, гуманитарлық-мәдени шаралар арқылы қарым-қатынасымызды үзбейміз. Негізгі мақсат осы.