Қостанай облысында туристік кешен салынады

Қазақстанда жаңа көпфункционалды туристік кешен пайда болады. Ол елдің орталығы мен батысын жалғайтын тасжолдың бойында бой көтереді. Кешен Қостанай облысының Амангелді ауылының іргесінде салынады. Бүгінде онда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жеті гектар аумақта жалпы саны 12 нысан бой көтереді. Оның ішінде әлемнің жеті кереметінің және ең танымал нысандардың көшірмелері болады.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

-  Ең төрінде тұрған Тәж Махал. Бұл Үндістанда бар. Біз оны үш есе кішірейтіп алдық. Үндістанда оның биіктігі 75 метр болатын болса, мұнда 25 метр. Одан басқа Испанияда, Бразилияда, Еуропа, Азия елдерінде кездесетін үлкен ғимараттардың көшірмелері болады. Сақтардың саунасы бар. Шетелден келетін туристерді тарту үшін істеп отырмыз. Өйткені сақтардың саунасы дүниежүзінде кездесе бермейді. Оның жанына біз киіз үй тігіп отырмыз.

Кешен аумағында қызғалдақ үлгісіндегі мұражай, Египеттегі пирамида, мая тайпаларының үлгісіндегі мемориал, субұрқақтар мен бассейндер салынады. Сондай-ақ жапон, ағылшын және қазақ бағын өсіру жоспарланған. Туристік кешенде бөй көтерген естелік қабырғаға ел үшін еңбек еткен тарихи танымал тұлғаларымыз бен өзге елдерде билік құрып, сол жерде жерленген бабаларымыздың қабір басынан бір уыс топырақ алып келіп, арнайы сақталады. Олар туралы ақпараттар жазылады. Кешен өңірдің туризм саласын дамытып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартатуға әсер етеді.

Сұлтанбек Тәшкенбай, кәсіпкер:

- Өскелең ұрпақ үшін патриоттық сезім тудыратын нысан деп ойлаймын. Себебі дүниежүзінде жатқан 200 адамның топырағын осы жерге әкеліп, осы жерде жасап, соның өмірбаянын жазып қою деген біздің мектептегі тарихымызда, басқаларында дәл олай айтылмаған. Жастар оны оқығаннан кейін, біздің бабаларымыз болған екен осындай деп соларды білсе, біздің жастарымызға үлкен тәрбиелік мәні бар.

Кешенде туристердің тынығуына арналған қонақүй, тамақтану орындары да салынады. Туристік нысан әр тасы тарихқа толы Торғай өңіріне саяхатшыларды көптеп тартуға және көне өркениеттің ізі саналатын гиеоглифтердің құпиясын ашып, насихаттауға септігін тигізбек. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың төртінші тоқсанында аяқталып, ел игілігіне берілмек.