Қазақстанда экотуризм қарқынды дамып келеді. Демалыстың бұл түрі қоршаған ортаға зиян келтірмей саяхаттауды қамтиды. Сарапшылардың пікірінше, әлемде аталған сектордың өсімі жылына шамамен 30%-ті құрайды. Бұл – әлемдік экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі. Қазақстандағы экотуризм әртүрлі бағыттарды қамтиды. Соның бірі – ұлттық саябақтардағы демалыс. Еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды жайластыру Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп жүзеге асырылады. Саяхатшылар арасында танымалдыққа ие Сайрам-Өгем ұлттық табиғи саябағында да жаңартылған бағыт ашылды. 2022 жылы мұнда 68 мыңнан астам адам келсе, биыл жыл басынан бері 64,5 мыңнан астам қонақ келген.
Меруерт Сәрсембаева, Қазақстандағы БҰҰ ДБ биоалуантүрлілік портфелінің үйлестірушісі:
- Бұл жол бақылау алыңына лайықталып жабдықталған. Мұнда маршруттағы туристің жүріс-тұрысының ережелері туралы ғана емес, сонымен қатар әртүрлі елдерден көптеген туристерді, әрине, біздің жергілікті туристерді тартатын өте қызықты аңыздарға толы ақпараттық тақталар мен стендтер де қойылған. Пилоттық аумақтарға Көлсай көлдері ұлттық паркі, Катонқарағай ұлттық паркі және Сайрам-Өгем ұлттық паркі кіреді. Ал, соңғы жылдары бұл саябақтарға арналған экологиялық туризмді дамыту стратегиясы әзірленді. Кейін бұл жұмыс жалғасын тауып, осы ұлттық табиғи саябақтарда туристік маршруттарды ұйымдастыру Тұжырымдамасы әзірленді. Тиісінше, биылғы жылы біз осы үш ұлттық саябақта туристік бағытты ұйымдастыру жұмыстарын аяқтадық.
Айта кету керек, Қазақстанда 14 ұлттық парк бар. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы оларға 2 миллионға жуық турист келген.