Өнер диалогы: Нұр-Сұлтанда екі суретшінің бірегей көрмесі ашылды

Швейцариялық және қазақстандық кескіндеменің симбиозы. Елордада жасы мен менталитеті екі түрлі суретшілер - Гарольд Студер мен Юлия Москаленконың жұмыстары қойылған бірегей көрме ашылды. Шетелдік шебердің графикалық жұмыстарын қазақстандық суретшінің автопортреттік коллаждары мен кескіндемелері толықтырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, екі өнерпаздың диалогын түсіну үшін олардың эмоциялары мен айтпақ ойларын мойындауға дайын болу керек. Көрме дәстүрлі «Өнер диалогы» атты жоба аясында көпшілікке ұсынылғанын атап өткен жөн. Жобаның басты мақсаты – қазақстандық және шетелдік суретшілерінің заманауи жұмыстарын үйлестіру.

Лейла Махат, көрме кураторы:

- Бір қарағанда мүлдем екі түрлі суретші. Біріншіден, Гарольд Студердің жасы әлдеқайда үлкен, оның заманы басқа. Ол литографиямен айналысқан. Сондықтан бұл – басқа әлем, басқа уақыт, тіпті басқа мемлекет. Ал Юлия Москаленко – бұл қазіргі Қазақстан, тәуелсіздіктің құрдасы, Қазақстанның өнердегі қазіргі бейнесі. Бір жағынан, бұл – екі түрлі, біріне бірі ұқсамайтын өнер. Ал екінші жағынан – екеуінің де ойы бір. Себебі олар әлемнің қадір-қасиеті туралы, рухани құндылықтар, адамдардың жан дүниесі қаншалықты нәзік екендігі туралы суреттейді.

Юлия Москаленко, суретші:

- Менің жұмыстарым – бұл әлемде не болып жатқанын түсіндіруге тырысатын туындылар. Біз әркез не болып жатқанын түсінбейміз. Қазіргі әлем көптеген қосымшамен, әлеуметтік желілерімен өзгеше. Сондықтан мен өз шығармашылығым арқылы бізді басып алып келетін дүниелерді көрсетуге тырыстым. Алайда, біз бұның бәрін бір өзгешелік ретінде қабылдамаймыз. Біз үшін бұл қалыпты жағдай.