Астанада шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері конституцияға енгізілетін өзгерістер
мазмұнын талқылады. Елшілер меншік құқығына, тұрғын үйге қол сұғылмаушылыққа,
цифрлық ортадағы құқық қорғау нормаларына оң пікір білдірді. Конституцияда
мекемелер мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері үшін мемлекеттің
жауапкершілік алуы әлемдік құқықта сирек ұшырасатын құбылыс ретінде жоғары
бағаланды. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия ашық
форматта жүргізілгені де дипломатиялық корпусқа жаққан сыңайлы. Онлайн-трансляцияның
1 миллионға жуық қаралым жинауы ел азаматтарының белсенді ұсытанымын
айғақтайды. Брифинг барысында Конституция жобасының республиканың сыртқы саясатының
құқықтық аспектілеріне қатысты ережелері түсіндірілді. Халықаралық шарттар
еліміздің құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болып қала беретіні және міндетті
түрде орындалуға жататыны атап өтілді.
Эльвира Азимова, ҚР Конституциялық сотының төрағасы:
- Ұсынылып отырған Конституция жобасы конституциялық
нормалардың кері күшіне ие болуын көздемейді. Бұл құжат Қазақстан қосылған
халықаралық шарттар мен конвенциялардың күшіне күмән келтірмейді. Сондай-ақ сот
төрелігі бөліміне сәйкес, соттар істерді қарау кезінде тек Конституцияны,
заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерді ғана емес, сонымен қатар
халықаралық шарттардың нормаларын да басшылыққа алуға міндетті.
Арман Исетов, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Конституциялық жаңашылдықтар еліміздің халықаралық
құқықтың іргелі принциптеріне адалдығын және ел дамуының жаңа кезеңіндегі
ұлттық басымдықтарды жан-жақты көрсетеді. Атап айтқанда, жаңа Конституция
жобасының 10-бабында мемлекеттермен ынтымақтастық, олардың ішкі істеріне
араласпау және халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу қағидаттары көзделген.

