Қазақстандықтардың, бизнес бастамаларын қолдауға арналған гранттарға өтініш қабылдаудың үшінші кезеңі 29 тамызда басталады. Оның ішінде мүгедектігі бар, қандас мәртебесін алғандар, аз қамтылған отбасы мүшелері, сондай-ақ жастардың өз бизнес жоспарларын ұсына алады. Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, үшінші кезеңде 7 мыңға жуық азаматқа қолдау көрсету жоспарланып отыр. Гранттық қолдауға ие болудың өз шаттары да бар.
Аяулым Берекенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің халықты жұмыспен қамту департаментінің басқармасы басшысы:
– Барлығына бір айта кететін жайт грант алу үшін адамдар алдымен «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқу керек. Бүгінгі таңда «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту онлайн форматта Skills.enbek.kz платформасының көмегімен жүзеге асырылады. Жалпы гранттарды қаржыландыру републикалық бюджеттен, сосын осы жылы ұлттық қор бар ғой. Президентіміздің ұлттық қорынан гранттарды қаржыландыруға қосымша қаражат бөлінді. Сонымен жалпы сомасы 24,5 млрд теңгеге біз 23 мың азаматқа грант береміз деп жоспарлап отырмыз.
Бұл ретте, грант алушының қаражатты мақсатқа сай игеруін халықты жұмыспен қамту орталықтары 1 жыл бойы қадағалайтынын айта кеткен жөн. Қолдау қаржыға ие болған кәсіпкер әр тоқсан сайын есеп беріп отырады.