Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені тұрақты даму қарқынын көрсетіп отыр. Биыл
7 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,7% өсіп, екі жарым трлн теңгеге
жуықтады. Экспортта үдей түсті. Былтыр оның көлемі 5 млрд доллардан асып, оның
жартысынан астамы қайта өңделген өнім үлесіне тиесілі болды. Бұл бағыттағы өсім
43% құрады. Астық пен ұнды сыртқы нарықтарға жеткізу көлемі де үштен бірге
ұлғайып, 12 жарым млн тоннаға жетті. Бұндай тың көрсеткіштер шаруаларды
мемлекеттік қолдау шараларының жемісі. Бұл туралы ведомство басшысы мәлімдеді.
Ол Президенттің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты берілген
тапсырмаларының орындалу барысымен бөлісті. Айдарбек Сапаровтың дерегінше, «Кең
дала» жеңілдікті несиелеу бағдарламасына биыл алғаш рет 700 млрд теңге бөлінді.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға 250 млрд теңге бағытталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда
екі есе көп. Жалпы 7 айдың ішінде саланың негізгі капиталына салынған
инвестициялар 710 млрд теңгені құрады. Қазір елде 280 астам жаңа жоба іске
асырылуда. Су үнемдеу технологиялары да белсенді енгізіліп жатыр.
Айдарбек Сапаров, ҚР
Ауыл шаруашылығы министрі:
- Мемлекет басшысы жыл
сайын 150 мың гектарға дейін су үнемдейтін технологияларды енгізуді тапсырған
болатын. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл жоспар артығымен орындалып, 158
мың Га құрады. Ал биыл су үнемдейтін технологиялар қазірдің өзінде 109 мың Га алқапқа
енгізілді. Жалпы бұндай тың әдістер қолданылатын суармалы жер көлемі 580 мың Га
ұлғайды. Мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру бүкіл өнеркәсіптік кешенге оң
әсер етті. Былтырғы қорытындыға сай, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 13,7%
өсіп, 8,3 трлн теңгеге жетті.

