Мемлекеттік тілді оқыту бағдарламалары қаншалықты тиімді? Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қазақ тілін оқытатын бағдарламаларға аудит жүргізуді талап етті. Ол оқуға бағытталған қаражаттың қалай жұмсалатынына, бүгінде қанша адам курстан өткеніне қызығушылық танытты. Сондай-ақ мемлекеттік органдар қазақ тілін үйренушілерге әдістемелік көмек көрсете алатын волонтёрлердің жобаларын пайдаланып жүр ме? Осы мәселелерге қатысты депутат Үкіметтің құзыретті органдарын қоғам алдында есеп беруге шақырды. Оның айтуынша, қазіргі геосаяси ахуал Қазақстанның ішкі саясатының көптеген аспектісін, оның ішінде тілдік аспектілерін қайта қарауды талап етеді. «Қазақ тілі қоғам бірлігінің, тұтастығының өзегі және ел бірлігінің тірегі болуы тиіс», – дейді халық қалаулысы.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осынау терең мәселенің бірі – тіл саясаты, оның ішінде мемлекеттік тілді үйрену проблематикасы. Мемлекеттік тілді үйрету, оған баулу ыждаһатты түрде бола отырып, өзара сыйластық, бауырластыққа әкелуі қажет. Мемлекеттік тіл қоғам ынтымағының, бірлігінің символына айналуы тиіс. Осы тұрғыда мемлекеттік тілді үйрету бағдарламаларының тиімділігі, тіл үйренушілерге нақты көмек жасауға қабілеттілігі тұрғысынан аудит жүргізу өте маңызды.