Қазақстанда көліктің техникалық байқау құжаты цифрлық форматқа көшіріледі

Қазақстандық жүргізушілерге көлік құралының тексерістен өткенін растайтын құжатты өзімен бірге алып жүрудің қажеті болмайды. Диагностикалық карта цифрландырылады. Ол электрондық үкіметтің мобильді қосымшасының жеке кабинетінде сақталады. Елде бар темір тұлпардың техникалық байқау құжатын сандық жүйеге алмастыруды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Ұлттық ақпараттық технологиялармен бірлесіп жүргізуде. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда құжаттардың цифрлық үлгілері заңды күшке ие.

 

Меруерт Ыбраева, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі департаментінің  директоры:

- Бүгінгі таңда айти мамандар арнайы жүйе әзірлеп, техникалық жұмыстар жүргізуде. Интеграциялық жұмыстардан кейін қызметтің пилоттық нұсқасы E gov Mobile-да қол жетімді болады. Оны шамамен 1 қыркүйектен бастап іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жоба аясында осы құжаттың сандық үлгісі бақылаушы органдардың арнайы дерекқорлар базасында сақталады. Яғни, жүйе арқылы бұл құжаттың барын онлайн тексеруге болады.