Халықаралық кинофестивальдерде үздік деп танылып, елімізді танытып жатқан отандық фильмдердің қатары артып келеді. Тағы бір қазақстандық картина Канадада өткен Fantasia Film Festival-де қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды.
«Дала қасқырлары» фильмінің басты рөлін сомдаған Берік Айтжанов пен Анна Старченко фестивальдің үздік актерлері атанды. Картинада тәртіпсіздік кезінде ұрланған ұлын іздеп жүрген Тамара есімді әйелдің басындағы мұңлы оқиға баяндалады. Ол детективтің көмегіне жүгініп, кейін күтпеген оқиғаларға тап болады.
Айта кетейік, режиссер Әділхан Ержановтың «Дала қасқырлары» фильмі бұған дейін Reims Polar 2024 кинофестивалінде француз сыншылар қауымдастығының жүлдесін жеңіп алған.