Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігін күшейту аясында импорттық тәуелділікті төмендету үшін отандық тұқым сұрыптарын әзірлеу бағдарламасы қабылданады. Бұл туралы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет жанындағы Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында айтылды. «Қуаңшылыққа төзімді әрі мол өнім беретін тұқымдардың жаңа сұрыптарын әзірлеу аса маңызды», – деді Министрлер кабинетінің басшысы. Сондай-ақ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өндірісі үшін тауарлық-материалдық құндылықтарды уақытылы жеткізу мақсатында қосымша вагондармен қамтамасыз ету және тұқым импорты бойынша жеткізудің балама бағыттары мәселесін пысықтау тапсырылды.