Қазақстанда IT мамандарды оқытуға арналған 20 IT- ваучер бөлінеді

Қазақстанда IT мамандарды оқытуға арналған 20 мың IT-ваучер бөлінеді. Бұл туралы Үндістанның Сыртқы істер министрі Минакша Лекхимен кездесуінде еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді. Айта кетейік, кездесу цифрландыру, ақпараттық коммуникациялық технологиялар, инновацияларды коммерцияландыру саласындағы екі елдің ынтымақтастығы тақырыбында болды.

«Цифрлық трансформацияны жүргізу үшін жоғары білікті IT-мамандардың болуы маңызды. Қазақстанда жыл сайын жеке ІТ-мектептерде білім алу үшін IT-ваучерлер бөлінетін болады. Бұл – IT-мамандығын игеруге немесе осы мамандыққа ауысуға ниет білдірген кісілер үшін жақсы мүмкіндік. Біздің болжам бойынша 2025 жылы  20 000 ваучер шығарылады. Осы орайда үнді компанияларын білім жобаларына қатысуға шақырамын», - деп атап өтті Цифрлық даму министрі.

Бұдан басқа, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі елімізде проактивті қызмет көрсету бағытына баса назар аударылып отырғанын, «цифрлық құжаттар» сервисі іске қосылғанын және электрондық цифрлық қолтаңбаны алу қашықтық форматқа ауыстырылғанын атап өтті.

«Біздің министрлік Үндістанмен АКТ, электрондық басқару, ақылды қала, ІТ-мамандардың біліктілігін арттыру, телекоммуникация, киберқауіпсіздік, ғарыш саласында серіктестік және тиісті агенттіктер, технопарктер, венчурлық қорлар мен кәсіпорындар арасында әріптестік орнатуға ниет білдіріп отыр», - деп өз сөзін қорытындылады Бағдат Мусин.

Өз кезегінде Үндістанның Сыртқы істер және мәдениет министрі Минакша Лекхи аталмыш бағыттар бойынша өзара тәжірибе алмасуға және ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.