Қазақстандық студенттер «Ақылды жылыжай» ойлап тапты

Қазақстандық студенттер «Ақылды жылыжай» ойлап тапты

Қазақстандық студенттер «ақылды жылыжай» ойлап тапты. Енді өсімдіктерге күтім жасау әлдеқайда жеңіл әрі тиімді бола түспек. Себебі ондағы жүйе толық автоматтандырылған. IoT құрылғылары мен бағдарламалық жасақтама интеграциясының арқасында жылыжай микроклиматты, жарықтандыру мен суаруды өздігінен реттей алады. Бірегей жобаны Алматы құрылыс-техникалық колледжінің студенттері 2 ай ішінде әзірлеген. Олар жүйенің энергия тиімділігі мен тұрақтылығына ден қойғандарын айтады. Жылыжай күннен қуат өндіретін панельдермен жабдықталған. Ал, бағдарламалық код интернет тұрақсыз болған жағдайда да жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Ғаббас Баязитов, Алматы құрылыс-техникалық колледжінің студенті:

- Бұл жылыжай сенсорлық түрде басқарылады. Ол үшін телефон, мобильді қосымша немесе IP-мекенжайды пайдалана аласыз. Яғни, үйде отырып-ақ жылыжай ішіндегі жұмысты көріп, бақылап, реттейсіз. Жасанды интеллект жылыжайға қажетті ауа температурасын таңдап береді. Кейін телефоныңызға хабарлама жібереді. Сол арқылы топырақтың ылғалдылығына дейін  жылыжайдағы жағдайды толық бақылауда ұстауға болады.

Бүгінде жылыжайда тек құлпынай өсіріледі. Қажет болған жағдайда басқа жеміс-жидек түрлерін, тіпті гүл де отырғызуға болады. Студенттердің айтуынша, жоба өсімдіктердің шығымын арттыруға және оны күтіп-баптауда адамның араласуын барынша азайтуға бағытталған. Болашақта бұл технологияны үй жайында ғана емес, агроөнеркәсіп кешеніне де енгізу жоспарланып отыр.  

Эльвира Бақтыбаева, Алматы құрылыс-техникалық колледжі директорының орынбасары:

– Бұл әзірге тек макет. Бүгінде бұндай жылыжайдың прототипі ғана әзірленді. Студенттер бірінші кезекте жобаны өзіміздің колледж аумағында немесе аудандық деңгейінде іске асырмақ. Бастаманы өзімізде сынап, ол жақсы нәтиже көрсеткен жағдайда, бұндай ақылды өздігінен басқарылатын жылыжайларды ел деңгейінде дамыту жоспарланып отыр.

Студенттер өнертабысын одан әрі қарай жетілдіруді көздейді. Мақсат – мобильді қосымшаның қызметін кеңейтіп, жылыжайды толықтай автоматтандыру. Ішке бейнебақылау камераларын орнатып, бар үрдісті қашықтан көруге мүмкіндік алу.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?