Пандемия кезінде жүктілікті қалай жоспарлаған абзал? Бүгінде коронавирусқа қарсы екпелердің жүкті әйелдердің ағзасына тигізер әсері тыңғылықты зерттелуде. Мамандар вакцинаны бала көтергенге дейін кемінде бір ай бұрын салдырған дұрыс деген кеңес береді. Әсіресе ЭКО әдісімен бала сүюге ниетті жандар сақтық үшін екпенің қос компонентін алдын ала салдырғаны жөн. «Ал бала көтергенін білмей, екпе салдырған келіншектердің алаңдауына негіз жоқ», – дейді отандық репродуктологтар.
Вячеслав Локшин, Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті:
- АҚШ пен Израильде «Pfizer» сынды коронавирусқа қарсы вакцинаны жүктілік кезінде салып, клиникалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Ресейде де «Спутник» вакцинасын аяғы ауырларға сала бастады. Бірақ Қазақстанда әлі салмайды.
Сонымен қатар сарапшылар «Hayat-Vax» вакцинасын салдырғаннан кейін 2 жылға дейін бала көтеруге болмайды деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Ержан Байтанаев, ҚР Санитариялық эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:
- Қазіргі таңдағы біздегі вакцина шығарушы мемлекеттердің нақты дәлелденген ақпараттарында жүкті әйелдерге салынған кезде кері әсерлері жоқ деп берді. Сол себепті ол ақпаратты біз теріске шығарамыз.
Қазір вакцина өндірушілер жер жаһанда тиісті зерттеу жүргізіп жатыр. Егер олар оң нәтиже көрсетсе, Қазақстанда да аяғы ауыр келіншектерді вакциналау мәселесі қарастырылуы мүмкін.