Елордада инфекциялық стационарлар кезең-кезеңімен жабылып жатыр. Бас шаһарда коронавируспен ауырғандар саны азайып, 21% төмендеген. Бұл жөнінде қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының брифингінде айтылды. Мәселен, соңғы 2 күнде 370 орындық 3 стационар жабылған. Бұл ауруханалар мамыр-шілде айларында, яғни індет өршіген кезде ашылған еді. Егер жағдай ушықпаса, келесі аптада тағы екі ауруханада инфекциялық орындар жабылады. Жалпы тамыз айымен салыстырғанда соңғы күндері елордада COVID-19 жұқтыру дерегі 3 есеге кеміген.
Алматыда карантин талаптарын жеңілдетуге бағытталған санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы шықты. Құжатқа сәйкес, 6 қыркүйектен бастап «Ashyq» жобасына қатысушылардың жұмыс күндеріндегі қызмет көрсету уақыты ұзартылды. «Ashyq» көшбасшыларына түнгі сағат 02:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Демалыс күндері қызмет тек қана «жасыл» мәртебесі бар келушілерге көрсетіледі.