Қазақстанда Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің
бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Құжат 2026-2028 жылдарға арналған.
Оның мақсаты - экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету және халықтың нақты
табысын арттыру. Негізгі бағдарлар - экономикалық өсімді жылына 5% төмен емес
деңгейге жеткізу, инфляцияны тежеу және экономикадағы мемлекет үлесін қысқарту.
Бұдан басқа, бағдарлама бизнесті қолдауды кеңейтуді, экономикалық бағалаудың
жаңа моделіне көшуді, шикізаттық емес өсімді ынталандыруды, қаржы секторын
дамытуды, инновациялар мен цифрландыруды, оның ішінде AI саласындағы жобаларды
көздейді. Құжатта жұмыспен қамтуды арттыру және атаулы әлеуметтік көмекті
күшейту шаралары да қарастырылған. Бағдарлама сондай-ақ тарифтік және
инвестициялық саясатты жетілдіруді қамтиды. Бұның бәрі Қазақстан экономикасын
дамытудың қамы.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Басым
секторларда инвестициялық жобаларды белсенді іске асыру экономикалық өсімнің
негізгі факторларының бірі болып қала береді. Екінші деңгейдегі банктердің
капиталын нақты секторды несиелендіруге тарту отандық экономиканы дамытуға айтарлықтай
серпін береді. Бірлесе отырып, қосымша тиімді қаржы құралдарын әзірлеу, бизнеске
несие беру процесін оңайлату және цифрландыру қажет. Әкімшілік кедергілерді
азайту және инвесторлармен жұмыстың икемділігін арттыру корпоративтік
несиелендіру үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Үкіметтің алдында проактивті
инвестициялық саясатты енгізу бойынша ауқымды міндет тұр.

