Жиынның күн тәртібінде де бауырлас елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту жағына басымдық берілді. Бұған қоса, трансшекаралық су мәселесі көтерілді. Саяси, сауда-экономикалық және одан бөлек, өңірлік қауіпсіздік мәселелері, бірлескен инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларды іске асыру, өңірдің транзиттік-көліктік әлеуетін іске асыру, тауарларды жеткізудің баламалы маршруттарын құру жағы да басты назарда. Сондай-ақ заң шығарушы органдардың басын қосқан жиында заңнамалық негіздерді қайта қарау жоспарланған.
Айта кетейік, форумның қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданады.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Форум жұмысының басым бағыттары Түркістан декларациясында баяндалатын болады. Бұл құжат алдағы кезеңде Орталық Азия елдерінің парламентаралық ынтымақтастығы үшін берік негіз болады деп күтілуде.