Биыл Астанада 68 млрд теңгенің 55 өнеркәсіптік жобасы жүзеге асырылады. Экономиканың нақты секторын дамыту және өнеркәсіпті әртараптандырудың бірегей тәсілі - өндірісті дамыту болмақ. Елорда жоғары өсім қарқынын сақтап отыр. Мұндағы кәсіпорындардың басым бөлігі индустриялық парктер аумақтарында шоғырланған. Жаңа жобалар отандық өнім көлемін еселеп, қала экономикасына инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Премьер-Министр жұмыс сапары барысында бірқатар өндіріс ошақтарымен, соның ішінде логистикалық орталық, медициналық бұйымдар шығаратын зауыт және тамақ өнімдерін шығаратын кәсіпорындар жұмысымен танысты. Айта кетейік, бүгінде елорда негізгі капиталға салынған инвестиция бойынша көш бастап тұр: бас қалаға төрт айда 587 млрд теңге тартылған, оның 80%-ке жуығы - жеке салымдар. Астанада 246 мың шағын және орта бизнес субъектісі кәсіп жүргізеді, ал олардың экономикаға қосқан үлесі рекордтық 66% жеткен.
Халел Әкімжанов, Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы:
- Жыл басынан бері ең көп инвестиция логистика және қоймалау саласына тартылды. Бұл инвестициялардың жалпы көлемінің шамамен 38,8% құрады. Сондай-ақ өнеркәсіп секторының да бұл бағыттағы дамуы қарқын ала түскенін көріп отырмыз. Мәселен, биылдың қаңтар-сәуір айларында салаға құйылған инвестициялар көлемі былтырдың сәйкес кезеңінен 76% артқаны байқалады. Әдеттегідей логистика, өнеркәсіп пен құрылыс жоғары серпінді көрсететін негізгі жетекші салалар қатарында.

