Қазақстан-Әзербайжан сарапшылар кеңесінің отырысы

Қазақстан мен Әзербайжанның екіжақты тауар айналымы былтыр 330 миллион доллардан асқан. Алайда қос тараптың әлеуеті бұдан әлдеқайда көп. Қазақстан-Әзербайжан сарапшылар кеңесінің бірінші отырысына қатысушылар осындай ойларын ортаға салды. Оның құрамы депутаттардан, ғалымдар мен сарапшылардан жасақталды. Кеңес отырысында мәдени-гуманитарлық, туризм және азаматтық авиация салаларындағы қарым-қатынастарды дамыту мәселелері талқыланды. Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Қазақстанда 500-ден астам әзербайжандық компания жұмыс істейді. Ал Әзербайжандағы қазақстандық компаниялар 150-ге жуықтайды.

Еркін Тұқымов, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

– Биыл өзара дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толды. Тәуелсіздік жылдарында Нұр-Сұлтан мен Баку стратегиялық одақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілді. Әзербайжан - Қазақстан үшін өте маңызды одақтас, стратегилық серіктес. Әзербайжан арқылы Түркияға, Еуроодақ пен Таяу Шығысқа тікелей шыға аламыз.

Фархад Мамедов, Әзербайжанның халықаралық қатынастарды талдау орталығының басқарма төрағасы:

– Энергетика және көлік сияқты салалардағы ынтымақтастықты нығайту қажет, бұл жерде ортақ дәліз туралы сөз болып отыр. Екі ел арасындағы тауар айналымын арттырудың әлеуеті зор, әрине халықаралық және аймақтық қауіпсіздік те күн тәртібінде тұр. Қазақстан мен Әзербайжанның халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығын нығайту да маңызды. Соның ішінде түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ықпалдастық терең  екенін ерекше атап өткім келеді.

Айта кетейік, Қазақстан Президентінің Әзербайжан басшысының шақыруымен Баку қаласына ресми сапары тамыздың 24-іне жоспарланған. Екі ел жетекшілерінің шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулері өтіп, екіжақты стратегиялық серіктестікті дамыту мәселелері қарастырылмақ.