Соңғы 5 айда
жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры арқылы 1 млн астам қызмет
көрсетілді. Сандық тұғырнама іске қосылғалы 240 мыңға жуық кадастрлық төлқұжат
беріліп, 25 млн астам анықтама мен мәлімет өтініш бермей-ақ алынды. Жаңа
тәсілге сәйкес, таңдау, өтінім беру мен тіркеуден бастап жер телімдерін берудің
бүкіл үрдісі электрондық форматқа көшірілді. Нәтижесінде қажетті қадамдар
бірнеше есеге азайтылды, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі шамамен 1 жылдан 30
күнге дейін қысқарды. Сонымен қатар, Үкімет қазір Cу ресурстарын басқару
жөніндегі бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесін әзірлеуде. Аталған жүйеде елдегі
су қоймалары, суармалы жерлер, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тіршілік
көзін тұтыну көлемі туралы мәліметтер болады. Сонымен қатар су ресурстарын
алуға өтінімдер беру мүмкіндігі қарастырылған. ҚР Премьер-Министрі платформаны
2024 жылдың бірінші тоқсаны соңына дейін пилоттық режимде іске қосуды, одан әрі
қыркүйек айында коммерциялық пайдалануға енгізуді тапсырды.