Биыл Қазақстанда минералдық ресурстардың Ұлттық Банкі пилоттық жобасы іске қосылады

Көптен бері жауыр болған мәселе сөзден іске көшті. Қазақстанда жыл соңына дейін цифрландырылған минералдық ресурстардың Ұлттық деректер банкін іске қосу жоспарланған. Енді елдің табиғи қазба байлықтары жөніндегі бар мәлімет «Kaznedra» бірыңғай  электрондық тұғырнамаға біріктірілмек. Әзірге оның тек сынақ түрінде бір бөлігі ғана жұмысын бастайды. Оған техникалық мүмкіндіктерге сай әрбір өңір кезең-кезеңмен қосылатын болады. Ал, 2023 жылдың желтоқсанында платформа толыққанды қолданысқа берілмек. Яғни, бұдан былай еліміздің жер қойнауында Менделеев кестесінде кезігетін бар элемент сандық үлгідегі деректер қорына енеді. Ондағы мақсат - ел аумағында табиғи байлықтар қорын терең зерттеп, геологиялық барлауға инвестициялар тартудың әлеуетін еселеу. Бұл ретте 50-ге тарта бизнес-үрдіске, оның ішінде геология мен жер қойнауын пайдалану саласында реинжиниринг жүргізіледі.

 Асқат Пішенбаев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

– «Kaznedra» платформасын енгізу жер қойнауы учаскелерін іздестіру мен геологиялық ақпаратты алудан бастап жер қойнауын пайдаланушылардың есептілігін қалыптастыру мен тапсыруға дейінгі рәсімдерді цифрландыру арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын беруді бақылаудың ашықтығын және күшейтілуін қамтамасыз етеді. «Kaznedra» жобасы жер қойнауын пайдаланушылар үшін бірыңғай терезеде барлық рәсімдер мен қызметтерді шоғырландыру арқылы инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсетуге ықпал ететін болады. Мақсаты жеке және заңды тұлғалар үшін, сондай-ақ бизнес өкілдері үшін жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратқа қол жеткізу және осы салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру болып табылады.

 

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов