Былтыр Нұр-Сұлтан қаласына 1 трлн теңге жеке инвестиция бағытталған

Өткен жыл елдің бас шаһарының инвестициялық тартымдылығын танытты. Мәселен, былтырдың өзінде елордаға 1 трлн теңге жеке инвестиция бағытталған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 21,5 процентке көбірек. Бұл жөнінде халыққа есеп беру барысында қала әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.

Шаһар басшысының айтуынша, осы уақыт аралығында 111 инвестициялық жоба мақұлданған. Олардың дені өндіріс, білім, денсаулық сақтау, спорт, логистикалық желілер мен сауда және тұрғын-үй құрылысына қаржы құюға ниет танытқан. Соңғысына қатысты нәтиже көңіл көншітерлік. 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында жалпы көлемі 3 миллион шаршы метр баспана салынып, қолданысқа берілген. Бұл да 2019 жылдан екі есе  асқан көрсеткіш.

Бұған қоса, үй құрылыс комбинаты іске қосылды. Нан зауытының құрылысы қолдау тапты. Сондай-ақ сүт өндірісі, көкөністер қоймасы, бөлшек-сауда  үйлестіру орталықтары мен жеке қорғаныс заттары және медициналық бетперде жасау бойынша жобалар құпталды.  

АЛТАЙ КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Сіздер Нұр-Сұлтан қаласының белсенді іскерлік орталыққа айналғанын көріп отырсыздар. Ол бизнес жүргізу үшін тиімді, қаржы салу үшін аса тартымды. Осының нәтижесінде аймақтың жалпы ішкі өніміндегі үлестің 55 проценті шағын және орта бизнеске тиесілі. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Алайда біздің әлеуетіміз әлдеқайда жоғары екенін түсінуіміз керек. Мемлекет кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдайлар жасап жатыр. Қаладағы инвестициялардың 81 процентін шағын және орта бизнес салып отыр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов