Астанада Жүк тасымалы және логистика жөніндегі өңірлік форум өтуде

Мультимодальды логистика, жүк әуе хабтарын құру, электронды коммерция мүмкіндіктері, сондай-ақ жүк әуе тасымалдары саласындағы цифрландыру. Бұл тақырыптар Астанада 30 елдің 300-ден астам мамандарының қатысуымен Жүк тасымалы және логистика жөніндегі Өңірлік форумында талқылануда. Олардың ішінде бейінді ведомстволардың, Халықаралық жүк тасымалдары қауымдастығының, әуе және логистикалық компаниялардың, әуежайлардың, жүк жөнелтушілердің өкілдері бар. 

Жиынға қатысушылар әуе жүк тасымалының барлық тізбегін ұсынды, бұл өз кезегінде олар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен Қазақстанға Орталық Азия елдерімен тауарайналымын шамамен 2,5 есеге  – 6 миллиард 300 миллионнан 15 миллиард долларға дейін, оның ішінде қазақстандық экспортты АҚШ валютасында 560 миллионға ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

Болашаққа қойған мақсат – Қазақстанның халықаралық жүк логистикалық тізбектерге бірігуі мен оның Еуразия құрлығындағы маңызды көлік хабы ретіндегі ұстанымын нығайту. 

Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:

– Біз географиялық тұрғыдан экономикамызды дамыту үшін транзиттік жолдардың қиылысында орналасқанбыз. Бұл сектордың дамуы жалпы ішкі өнім үшін өте жақсы өсім береді. Өз кезегінде бұл – Мемлекет басшысының алға қойған міндеті. Сонымен қатар, Дубай, Сингапур сияқты қалалардың әуежайларындағы фри-аймақтарды бізде де енгізу жоспарда бар. Кедендік процестерді цифрландыру – рәсімдеу күндерін санаулы сағаттарда жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл факторлардың барлығы біздің экономикамыздың дамуына септігін тигізеді.