Қазақстанда «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені биыл жұмысын
бастауы мүмкін. Одан ғарыш кемесін ұшыру желтоқсанға жоспарланып отыр. Кешенді
іске қосу Қазақстанға тиімді коммерциялық құрылымы бар толыққанды ғарыш саласын
құруға мүмкіндік береді.
Қайрат Нұртай, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі
арнаулы өкілі:
- Біздің негізгі жобамыз «Бәйтерек» Ресей мен Қазақстан
тарапы бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Бұл жерде ғарышқа ұшырудың бұрынғы «Зенит»
деген айлағы. Соны әрі қарай дамытып жатырмыз. Осы жылдың аяғында бірінші
зымыран ұшады. Қазір де ол зымыран ұшатын орынды тамашалауға адамдар
қызығушылық білдіріп жатыр.
Баубек Оралмағамбетов, ҚР ЦДИАӨМ Аэроғарыш комитетінің
төрағасы:
- «Союз-5» зымыраны жер орбитасынан 17 тонна жүк жеткізуге қауқарлы. Ол коммерциялық тапсырыстардың толық орындалуына мүмкіндік береді. Алғашқы ұшырылым осы жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр. Бәйтерек жобасында, яғни зымыран ұшыру айлағында қазақстандық инженерлер жұмыс істейді, бүгінге 150 маман осында жұмыс атқаруда, ал болашақта тұрақты түрде «Бәйтерек» ғарыш-ракета айлағында жұмыс істейтін мамандар санын 350-ге жеткізу жоспарланып отыр.
«Бәйтерек» зымыран кешенінен ғарыш аппараттарын ұшырған
кезде авиациялық керосин және сұйық оттегі түріндегі отынды пайдалану
көзделген. Бұл экологиялық жағынан әлдеқайда тиімді, - дейді мамандар. Қазір
ғарыштық зымыран кешенінде дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Айта кетейік, қазір
елімізде 5 ғарыш аппараты бар. Олардың көмегімен спутниктік байланыс орнатып, аймаққа
бақылау жасалып келеді. Енді «Бәйтерек» кешені арқылы отандық ғарыш саласы жаңа
деңгейге көтеріледі. Бұл болашаққа деген мультипликативті инвестиция.

