Бірыңғай зейнетақы төлемдерін алу: жаңа ережелер

Тілші: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының порталы соңғы 2 аптада тоқтаусыз қызмет атқаруда. Осы күнге дейін жұмыс істеген жылдары зейнетақы жинақтарының сомасын және ең бастысы, оның қай мөлшерін шешіп алуға болатынын жалқаулар ғана тексермеген болар. Бүгінде зейнетақы жинақтарын шешіп алу ережелері бекітіліп, тетіктер айқындала түсті. Ел азаматтарына қарапайым нұсқаулықтарды орындап, жиналған қаражатты қай мақсатқа жұмсау керектігін анықтау ғана қалды.

Өз жинақтары туралы ақпарат алғандардың қатарында Жеңіс Ермұқанов та бар. Биылғы жылы ол өз отбасымен қоныс тойын тойлауы әбден мүмкін. Зейнетақы қаражаты жеткіліктілік шегінен жоғары болса, Жеңіс бастапқы жарнаға қосып, пәтер сатып алуды жоспарлап отыр.

ЖЕҢІС ЕРМҰҚАНОВ, ЖУРНАЛИСТ:

 - Баспанаға зәру болып жүрген жандар үшін бұл шынымен де тамаша мүмкіндік. Олардың қатарында мен де бармын. Мәселен, осы зейнетақы қорындағы шекті деңгейден артық жиналған сомма бар екен менде. Оны мен жақын арада ипотекалық несие рәсімдеу кезінде алғашқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін жұмсауды көздеп отырмын. Бұл да менің мақсатыма жетуге бір табан жақындадым. Сондықтан да өте тамаша мүмкіндік.

Қазақстандықтар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 24  қосымшасы арқылы шот ашып, enpf-otbasy.kz порталында өз жинақтарын пайдалануға өтініш беруі керек. Міне, соңғы айда «Отбасы банкі» мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мамандары бірлесіп дайындаған платформа осындай. Өткен сенбіден бері платформа барлық қазақстандық үшін қолжетімді болды. Осы ретте, банк қызметкерлері кең пікірталас тудырған – зейнетақы жинақтарына алынған пәтерді 5 жыл бойы сатуға болмайды деген ережені егжей-тегжейлі түсіндірді. Бұл критерий барлық азаматтарға бірдей қолданылмайтыны белгілі болды.    

ЛӘЗЗАТ ИБРАГИМОВА, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Ол ережелер енгізілгеннен кейін алынған ипотекалық несиелерге ғана қатысты болады. «Неге?» бесеңіз, бұл, ең алдымен, жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне жол бермеу үшін жасалып отыр. Азамат біржолғы зейнетақы төлемдерімен ипотека алады да, сосын бір айдан кейін оны мерзімінен бұрын жауып тастайды. Ал тағы 2 күннен кейін оны жоғары бағамен сатқысы келеді. Өйткені басқа Бірыңғай зейнетақы жинақтары қорынан ақша шешушілерінің тарапынан сұраныс бар. Сондықтан бұл норма енгізілді.

Сонымен қатар біржолғы зейнетақы төлемдерін шексіз рет пайдалануға болады. Бүгінде қазақстандықтар өз зейнетақы жинақтарын алу үшін «Отбасы банкте» 60 мыңнан астам арнайы шот ашқанын атап өткен жөн. Ұйымдастырушылардың берген ақпараты бойынша, мұны басқа қаржы институттарында да жасауға болады. Екінші деңгейдегі банктер де жұмыс істейтін болады. Әзірге «Халық банкі» қатысуға ниет білдіріп, ресми мәлімдеме жасады.

ЛӘЗЗАТ ИБРАГИМОВА, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Бұл іс жүзінде азаматтарға таңдау жасауға, яғни өз ипотекасы бар банк арқылы немесе «Отбасы банкі» арқылы ресімдеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы бұл клиент үшін ыңғайлы. Ал біз оны құптаймыз.

Алайда емделуге қаражат шешіп алу бойынша «Отбасы банкі» ғана жұмыс істейді. Емделуге жұмсалатын қаражаттың ережелері әзірге бекітілмегенін атап өткен жөн. Олар қазір мамандар талқылауында. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, түсіндірме жұмыстары осы аптада басталады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева