Транскаспий
халықаралық көлік бағыты цифрландырылады. Осы мақсатта сингапурлық компаниямен бірлесіп «Digital Trade
Corridor» платформасы әзірленді. Ол нақты уақыт режимінде жүктің орналасқан
жерін, оның кедендік мәртебесін қадағалауға, сондай-ақ ілеспе құжаттар туралы
ақпаратты жаңартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде операциялардың ашықтығы мен сенімділігін арттырады. Ал,
«Tez Customs» платформасы Қазақстан арқылы өтетін жүктерді электронды түрде
кедендік ресімдеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл
тасымалдау процесін жеделдетіп қана қоймай, жөнелтуші компаниялардың шығынын
төмендетеді. Жүйе Қытаймен шекарада енгізілді, бұл транзиттік декларацияларды
бұрынғыдай 2-3 сағатта емес, 30 минуттан аспайтын уақытта ресімдеуге мүмкіндік
берді. Сарапшылардың айтуынша, орта
дәліздегі процестерді цифрландыру және автоматтандыру Қазақстанның әлемдік
сауда жүйесіне ықпалдасуына әсер ете
отырып, өңірдегі көлік логистикасына жаңа
перспективалар ашады. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан жыл соңына дейін
теңіз айлақтары арқылы 8 млн тоннаға жуық, оның ішінде Транскаспий бағыты
бойынша 4 млн тоннадан астам жүк тасымалдамайды.
Экспорт пен транзит ауқымы, сондай-ақ импорттық
жүк ағыны 50% өскені байқалады.
Қасым Тілепов, ҚР Көлік министрлігі
комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұл өз кезегінде
еуропалық компаниялардың ТХКБ бағытына қызығушылығын көрсетеді. Бұл факторға
соңғы жылдары ТХКБ-ны дамыту жөнінде қабылданған кешенді шаралар ықпал етті. Биыл Қытай тарапымен екі келісім ратификацияланды, Сиань қаласында
қазақстандық терминал ашылды. Шекарадан өту кезінде кедендік рәсімдерді
жеңілдету бойынша шаралар қабылданды, Қытай тарапымен өз
экспорттаушылары үшін субсидиялар ұсыну пысықталды. Мемлекет басшысының Транскаспий бағытында жүк тасымалдау көлемін 5 есеге ұлғайту жөніндегі
тапсырмасын орындау үшін 2028 жылға дейінгі теңіз инфрақұрылымын дамытудың
кешенді жоспары қабылданды.