Биыл Астанада №2 Индустриалды парктің құрылысы басталады. Қазір оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Инфрақұрылымын тарту жұмыстарын 3-4 жылда толық аяқтау көзделген. Ол үшін елорданың арнайы экономикалық аймағынан 400 га астам жер телімі қарастырылған. Жаңа парк 150-ге тарта ірі жобаға шақталған. Оларды жүзеге асыру қамында 500 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылмақ. Сондай-ақ өндіріс ошақтарының дайын өнімдерін жеткізу үшін логистикалық парк құрылады. Оның құрылысы келесі жылдың соңына жоспарланған.
Халел Әкімжанов, Астана қ. әкімдігінің инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы:
- Ол жерде де 100 астам жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ол үшін 150-200 млрд теңгенің көлемінде инвестициялар тарту көзделуде. Бұндай ірі инфрақұрылымдық алаңдарды біріктіру өндіріс, логистика экспорт сынды дайын өнімдерді жеткізу тізбегін оңтайландыруға септігін тигізеді.
Қазақстан 2029 жылға дейін 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тартуға ниетті
Айта кету керек, еліміздің бас щаһары инвестициялық жобаларға қаржы тарту бойынша өңірлер арасында көш бастап тұр. Жалпы қазіргі таңда Қазақстанның «Ұлттық цифрлық инвестициялық платформасында» 700 астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың жалпы құны шамамен 32 трлн теңгені құрайды. Дені шетелдік капитал. Қазір ел экономикасына сырттан қаржы тартудың жаңа кезеңі бастау алды.
Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестиция комитетінің төрағасы:
- Бұл жаңа инвестициялық циклда біз 2029-шы жылға дейін 150 млрд АҚШ долларының инвестициясын тартуымыз керек. Әр жылға бөліп шаққанда бұл 25+27 млрд АҚШ долларына сәйкес келеді. Жаңа циклді сапалы жүзеге асыру үшін дүниежүзіндегі дамыған елдердің тәжірибесін зерттей келе қазір пакеттік ұсыным жасадық. Өз өндірісін ашу үшін оларға инфрақұрылым қажет. Сондықтан инфрақұрылымды жасау үшін Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет 2029-шы жылға дейін «Ұлттық инфрақұрылым» жобасын жасады. Бұл жоба 200 астам ірі инфрақұрылымдық жобаны салуды жоспарлап отыр.