Қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін өткізу нарқы кеңеюде. Мәселен, Отандық тауардың Өзбекстанға жеткізілетін көлемін ұлғайту көзделген. Еске салайық, қазір көрші елге ет және ет өнімдерін тасымалдайтын 19 жергілікті компания бар. Бұдан былай, тағы 5 бірдей мал шаруашылығының өндіріс ошағы Сауд Арабиясына және 9 кәсіпорын Жапонияға жылқы етін экспорттайтын болады. Жалпы, жыл басынан қазақстандық мал өсірушілер шетелге 20 мың тоннадан астам ет және 600 тоннадан астам ет өнімдерін жеткізді. Бұл коронавирустық пандемияға дейінгі кезеңдегі деңгейден сәл аздау. Яғни, 2019 жылдың сәйкес мерзімінде еліміздің тауар өндірушілері сырт мемлекеттерге 25 мың тоннадан астам ет және 2 мың тоннадан артық ет өнімдерін экспорттаған. Бүгінгі таңда 400-ге жуық отандық кәсіпорын өнімін шетелге саудалай алады. Импорттаушылармен еліміздің Түркістан және Жамбыл облыстарының, сондай-ақ солтүстік өңірлерінің мал өсірушілері белсенді әріптестік орнатқан. Сыртқы нарықта қазақстандық сиыр, қой және құс еті үлкен сұранысқа ие.
Төлеубек Төлеубаев, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті басқармасының бас маманы:
– Эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына байланысты Қытай тарапы бүгінгі күні өз еліне кейбір ет өнімдерінің импортын уақытша тоқтатты. Ветеринарлық қызмет қазір ет өнімдерін Қытай Халықтық Республикасына жеткізуді қайта жандандырып, ынтымақтастықты орнату қамында барлық мәселелерді пысықтап жатыр.