Қазақтың «Беташар» салты ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне ресми түрде енді. Беташар - қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі. Күйеу жігіттің отбасына қалыңдықты таныстыру рәсімі. Оған дейін қыздың бет-әлпеті жақын қыз-келіншектерден өзге ешкімге көрсетілмеген. Беташарда жаңа түскен келін ата-енесі мен туыстарына сәлем салады. Еске сала кетейік, бие байлап, алғашқы сауын маусымын ашар ғұрып – қымызмұрындық, киіз үй құру дағдылары, асық ату мен тоғызқұмалақ ойыны, сондай-ақ, домбыра шерту, Наурыз мерекесі, қазақ күресі, айтыс өнері және тағы басқа бірқатар салт-дәстүрді ЮНЕСКО бүкіл адамзаттың мәдени игілігі ретінде танып отыр. Қазір ұйымда Маңғыстау жерасты мешіттерін Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу өтініші қарастырылып жатыр.

