«Өнерге қол жеткізу». Дәл осындай атаумен елордалық Ұлттық музейде тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған арнайы жоба іске қосылды. Оның аясында жобаның жас көрермендері бірегей өнер туындыларымен танысып, танымал шеберлердің қайталанбас стилін көшіруге мүмкіндік алды. Мұндай тәжірибе алғаш рет ұйымдастырылды.
Адина Серік, арт-студия оқытушысы:
- Әртүрлі суреттер саламыз. Май, акрил және акварельді қолданамыз. Олардың ішінде ең қиыны - май, өйткені оны жылдар бойы үйрену керек. Бұл адамға байланысты. Көптеген адам музейге бару іш пыстыратын іс деп ойлайды, кейбіреулері мүлдем түсінбейді. Шындығында музейге барып тұрған жөн. Себебі біздің ішкі жандүниемізді, эмоционалдық күйімізді байытады, шабыт береді.
Аталмыш жоба астаналық арт-студияның көмегімен ұйымдастырылғанын, онда талантты суретші Тагира Қосаева білім алатынын айта кеткен жөн. Суретшінің жасы небәрі 14-те болса да, 8 жылдан астам уақыт бойы өнермен айналысып келеді. Жас өнерпазды өнер әлеміне Корей шеберінің «О Сонгю» туралы картинасы шабыттандырды.
Тагира Косаева, суретші:
- Мен бұл картинаны таңдаған себебім, өте терең мағыналы және оның акварельмен салынғаны ұнайды. Ал акварель – мен үшін жаныма ең жақын материал. Жоба маған өте қызық. Бұған дейін музейде болған емеспін, картиналардың көшірмесін де салмаған едім. Мен үшін бұл бірінші тәжірибе, сол себепті уайым басым. Болашағымды осы іспен байланыстырсам деймін. Нақты қай мамандыққа бет бұрарымды білмесем де шығармашылықпен айналысқым келеді.
Ұлттық музей ұжымы мұндай тәжірибені одан әрі жалғастыруға, жас көрермендерді кескіндеме мен графика негіздеріне оқытуға арналған алаң ұсынуға уәде береді.