Батыс өңірлерді үлкен судан қорғау үшін 10 мыңнан астам әскери қызметші жұмылдырылды

Батыс өңірлерді үлкен судан қорғау үшін 10 мыңнан астам әскери қызметші жұмылдырылды

Премьер-Министрдің төрағалығымен су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб еліміздің батыс өңірлеріндегі жағдайды талқылады. Болжам бойынша, онда су тасқынының екінші толқыны күтілуде. Жайық және Сақмар өзендерінің жоғарғы жағынан сәуір айының екінші онкүндігінде Батыс Қазақстан облысының аумағына су келеді.

Қазіргі уақытта Орал қаласындағы Жайық өзеніндегі су деңгейі – 728 см, ал 850 см қауіпті межеге жақындайды.

Ал Атырау облысында осы айдың үшінші онкүндігінің басында су келуі күтілуде. Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін әкімдіктер, ТЖМ, ІІМ, Ұлттық ұлан және Қорғаныс министрлігі күштері мен құралдары жұмылдырылды. Яғни Батыс өңірге 6 мың адамға, Атырау облысына 4 мың адамға дейін жеткізіледі. Еліміздің әр аймағынан 4 мыңға жуық техника жіберілді. Премьер-Министр қорғаныс және ішкі істер министрлеріне бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары СҚО-дағы жағдайды тексерді

Солтүстік Қазақстан облысының аудандарындағы су тасқыны жағдайын, сондай-ақ бөгеттердің дайындығын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр тексерді. Су басу қаупі бар аймақтарда бөгеттер салу аяқталды. Жалпы өңірде барлығы 160 шақырымнан астам арна кеңейтіліп, тереңдетілді.  15 км бөгеттер нығайтылды. Мобильді топтарға бөгеттердің жай-күйіне мониторинг жүргізу, ал энергетиктерге қарғын су кезеңінде тұрақты энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс істеуді күшейту тапсырылды.

Сонымен қатар, технологиялық мүмкіндіктерді пайдаланып, Петропалвдағы тасқын қаупі бар аймақтағы судың толып кету деңгейін нақты уақыт режимінде, дрондармен бақылайды. Бұдан басқа, бірінші вице-премьер қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін эвакуация жүргізілген барлық елді мекендерді қайта тексеруді тапсырды.