Қазақстан мен Өзбекстан «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталығын құрады. Оның қызметін реттейтін тиісті үкіметаралық келісімді Мәжіліс ратификациялады. Орталықтың жалпы ауданы 100 гектарды құрайды. Оның жартысы біздің елімізге, екіншісі көрші республикаға тиесілі болмақ. Белгілі бір аумаққа өңірлік индустриялық аймақ мәртебесі беріледі. Нысан Атамекен» және «Гүлістан» бақылау-өткізу бекеттері маңында орналасады. Онда өндірістік алаңдар, қоймалар және көлік инфрақұрылымы болады. Сауда министрлігі басшысының айтуынша, мұның барлығы мультипликативті әсер береді. Ең алдымен - жүк тасымалын жеделдетеді, логистикалық шығындарды азайтады, жеткізу тізбегіне қатысушылар санын қысқартады. Нәтижесінде тұтынушылар үшін тауарлардың түпкілікті құны төмендейді, ал «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі аясындағы өндірістік серіктестік жаңа серпін алады.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Түркістан облысы әкімдігі ашық конкурс өткізіп негізгі инвесторды анықтады. Инвестор Орталықтың ішкі және сыртқы инфрақұрылымына инвестиция салатын болады. Қазіргі таңда инвестор Орталықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. Келісімді ратификациялау «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығының құрылуы екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың одан әрі артуына оң әсерін тигізіп, екі елдің өндірушілері мен кәсіпкерлері арасында іскерлік байланыстарды жандандырады.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

