Балалар экскурсиялық пойызы Қазақстан бойынша жолға шықты

Кішкентай қазақстандықтар еліміздегі қалалардың тарихи ескерткіштері мен көрікті жерлерін тамашалай алады. Бүгін «Туған елге саяхат» балалар экскурсиялық пойызы жолға шығып, жаңа сапарға аттанды. Балғындарды елжандылыққа баулитын танымдық жоба елімізде 2016 жылдан бері жүзеге асып келеді.

Бүгінде туристік темір жол нысанымен 2300-ден астам жеткіншек саяхаттап, туған жердің кереметтерін қызықтап үлгерген.

Диас Бейсенбек, Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының баспасөз қызметінің басшысы:

– Балалар Астана, Бурабай, Алматы, Тараз, Түркістан және Байқоңыр қалаларындағы танымал мәдени-тарихи орындарды аралайды. Айта кету керек,  биылғы су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы балаларға басымдық берілді. Осылайша, жоба осы өңірлерде тұратын көп балалы, аз қамтылған немесе толық емес отбасылардың балаларын қамтиды. Тізімдерді облыс әкімдіктері анықтады.