Қазақстандық электровоздарды сыртқы нарықтарға жеткізу ісі ілгерілейді. Еліміздің Сауда және интеграция министрлігі мен әлемдегі ең ірі машина жасау компаниясы «Alstom» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында екіжақты ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде отандық құрастыру техникасын шетелге шығару, сондай-ақ жергілікті әлеуетті арттыру жоспарлануда. Шығарылатын электровоздардағы жергілікті қамту үлесі бүгінде 40% құрайды, оны жақын арада 60% дейін жеткізу көзделген.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Отандық материалдың үлесін арттырудан техниканың құны арзандап, бәсекелестікке қабілеттілігі артуы тиіс. Аралас өндіріс дамып, 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспортты екі еселеу туралы мақсатымызға жетуге көмектесетін болады.
Эндрю Делеоне, «Alstom» компаниясының аймақтық президенті:
- Бұл Қазақстанмен ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған тағы бір қадамымыз. Біздің Қазақстан темір жолымен келісімшартымыз 30-40 жылға жоспарланған. Қазақстанда жүріп жатқан пойыздарға қызмет көрсетуден бөлек келешекке жоспарымыз көп.