Қазақстандық ақын Ғали Ормановтың латын қарпімен жазылған күнделігі табылды. Лириктің 1939-1945 жылдар аралығында Жамбыл Жабаевқа әдеби хатшылық қызмет атқарғаны белгілі. Бұл – осы аралықта жазылған 10-ға тарта күнделіктің ең алғашқысы. Қолда бар жалғыз ғана даналы жәдігерді әдебиет майталманының жары Айтбала Орманова сақтаған. Кейіннен қолдан қолға өтіп, осы күнге жеткен.
Аслан Шекеров, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі:
- Жамбыл Жабаевқа бұл кісінің қандай байланысы бар дейтін болсақ, жыр алыбының өлеңдерін қағаз бетіне түсіріп, таспаға жазған осы Ғали Орманов еді.
Күнделікте жыр алыбы Жамбыл өлеңдерінің түпнұсқалы үлгілерімен қатар кімдермен жүздескені, кездесулерде талқыланған мәселелер жөнінде әлі еш жерде жарияланбаған мәліметтер көрсетілген. Реставрацияланғанымен әзірге мамандар мазмұнын толық зерттеп үлгермеген.
Айдар Қырықбайұлы, Ғали Ормановтың жиен-немересі:
- Әдебиеттанушылар зерттегеннен кейін оны кітап қылып шығарамыз. Менің ойымша, осы күнделіктің ішінде Жамбыл атамызға, жалпы әдебиет саласына байланысты көптеген сенсациялық жаңалық болады. Сондықтан болашақта оқулыққа енгізіледі деп ойлаймын.
Айта кету керек, жақында Ғали Ормановтың 1934 жылы ескі латын қарпінде басылған «Олжабек» атты әңгімелер жинағы табылған. Оның жалғыз данасы Якутия елінің ұлттық кітапханасында сақталып келген. Елде жоқ дүние қайта қазығын тауып, отанына оралды. Бұл тың еңбекті жаңа латын әліпбиіне келтіріп, үлкен тиражбен басып шығару жоспарланып отыр.
Ғали Орманов – көптеген өлең жинағының, бірнеше поэма, әңгіме және очерктердің авторы. Оның еңбектері бірқатар шетел тілдеріне аударылған. Сондай-ақ Ғали Орманов орыс және Шығыстың классикалық үлгілерін тәржімалаған. Лев Толстойдың «Анна Каренина» романын қазақ тіліне аударған жалғыз ақын. Келер жылы 115 жылдық мерейтойына орай оның екі томдығы қайтадан жарық көреді.