Тәуелсіз Қазақстанның тәуелсіз өнерпаздары елордада бірегей туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Көрме «Zhailau» деген атпен ұйымдастырылды. Жас суретшілердің еркін ой-толғаныстарынан туындаған шығармаларды елорда тұрғындары мен қонақтары бір ай көлемінде тамашалай алады. Экспозицияны әзірлеушілердің айтуынша, көрмеге қойылған туындылардың авторлары сонау 60-шы жылдары танымал болған қазақстандық суретшілердің ізбасарлары секілді. Себебі дәл сол жылдары отандық сурет өнері жаңа бағытта өркендеген еді.
Айта кетейік, көрмеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен таңдалған 70-ке жуық жұмыс қойылған.
Мадина Серғазина, көрме кураторы:
- Бұл – қазақстандық жас суретшілердің ұжымдық көрмесі. Біз оны «Zhailau» деп атадық. Бұл атауды не себепті таңдадық?! «Жай» сөзі түркі тілінен аударғанда «жаз» дегенді білдіреді. Жаз мезгілі жайма шуақ уақыттың шарықтау кезеңі болып табылады. Мұнда жас, жаңадан бұл іспен айналысып жүрген суретшілердің жұмыстары ұсынылған. Жас екеніне қарамастан, олар – пісіп-жетілген өнерпаздар. Айқын көзқарастары бар. Біз іріктеу жұмыстарын жүргіздік. Қазір мұнда 11 суретшінің жұмысы қойылған. Жалпылай алып қарағанда, олар 60-шы жылдардағы бастаманы жалғастырып тұрғандай.