Азия Даму Банкі елімізде гендерлік облигациялардың екінші шығарылымын орналастырды. Оларды айналымға шығару үшін қаржылық ұйым шамамен 14 миллиард теңге немесе 32 миллион доллар тартты.
Еске сала кетейік, гендерлік облигациялар – бұл әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге қолдау көрсететін жобаларды ғана қаржыландыратын кірісі тұрақты құнды қағаздар. Ол «Тұрғын үйді қаржыландырудағы гендерлік теңдік» жобасы шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл Отбасы Банкінің несиелік операцияларын кеңейтуге және өз кезегінде ел тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба ең алдымен, тұрғынжайға зәру аймақтардағы нәзік жандылардың қажеттілігін қанағаттандыруға бағдарланған.
Джонатан Гросвенор, АДБ қазынашысының орынбасары:
- Бұл бағдарламаның мақсаты талаптарға сай келетін 3 мыңнан астам әйелді қамту. Яғни, оларды ұзақ мерзімді қолжетімді ипотекалық қаржы көзімен қамтамасыз ету. Оның ішінде 60%-ті аймақтарда тұратын және 20%-ті табысы төмен азаматшалар болуы тиіс. Отбасы Банкінің бір жылдан соң бізге қайта жүгініп, алдыңғы төлемге қарағанда біршама көбірек займ сұрағаны жобаның жақсы дамып келе жатқанын білдіретін бірден бір белгісі деп танимыз. Шынында да, болашақта Азия Даму банкінің үшінші гендерлік облигациялары шығуы мүмкін. Мәселен, егер инвесторлар осындай құнды қағаздарға қаражат бөлгісі келгенде немесе қарыз алушы қосымша соманы алуға дайын болған кезде оның іске асуы ықтимал деп санаймыз.
Жалпы Азия Даму Банкі гендерлік теңдік бағытында ғана емес, білім беру, денсаулық сақтау және су ресурстары салаларындағы тың жобаларды қолдау қамында құны 3 миллиард 200 миллион доллардан астатын облигациялар шығарды. Джонатан Гросвенордың айтуынша, инвесторлар көбіне қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік мәселелерді шешуді көздейтін бастамаларды қолдауға ден қояды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов