Әзербайжанда Қазақстанның мәдени
күндері өтіп жатыр. Бұл іс-шара екі бауырлас халықтың етене жақындасуына,
байланысын нығайту үшін өткізілуде. Бұл туралы еліміздің мәдениет және ақпарат
министрі – Аида Балаева Әзербайжан Президентінің көмекшісі әрі әкімшілігінің
сыртқы саясат бөлімінің басшысы – Хикмет Гаджиевпен кездесуде мәлімдеді.
Тараптар екі бауырлас мемлекет арасында мәдени-гуманитарлық саладағы
әріптестікті нығайтудың болашағын және әлеуетін талқылады.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат
министрі:
-Біздің халықтарымызды ортақ
тарих, ортақ генетикалық код байланыстыратынын естен шығармау керек. Екі ұлт
өкілдері бір-бірінің жеңістеріне шын жүректен қуанып, қиын кездерде қолдау
көрсетіп келгені бұрыннан мәлім. Тілдеріміздің және мәдениетіміздің ұқсастығы
байланыс пен әріптестікті одан әрі нығайтуға көп мүмкіндік береді. Екі мемлекет
басшылары бұл туралы келісіп те қойды. Соның арқасында Әзербайжанда Қазақстан
мәдени күндері өтіп жатыр. Бұл мәдени-гуманитарлық бағыттағы бауырлас елдердің
қарым-қатынастар динамикасының артуына көмектеседі деп санаймын.
Қазақстанның мәдени күндері аясында әзербайжандық ағайын «Хассақ» этно-фольклорлық ансамблінің орындауында заманауи нақышпен араласқан қазақ композиторларының туындыларын тыңдап, Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының сахналаған Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясын тамашалай алды. Сонымен қатар, қазақстандық суретшілердің түрлі жанрдағы көздің жауын алатын жұмыстары да көпшілік алдына қойылды. Ауқымды шара барысында гала-концерт ұйымдастырылды. Айта кетер жайт, 2024 жылы қазақстанда Әзербайжан мәдени күндері өткізіледі.