Қазақстан мен Қытай жалпы құны $15 млрд 70-тен астам келісімге қол қойды

Қазақстан мен Қытай жалпы құны $15 млрд 70-тен астам келісімге қол қойды

Қазақстан Президенті Шанхайда жоғары технологиялы Қытай компанияларының басшыларымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бен Қытай арасындағы екіжақты байланыстардың теңдессіз жоғары деңгейін атап өтті. Мәселен, өткен жылы тауар айналымы рекордтық 49 млрд долларға жетті, ал Қазақстан экономикасына салынған қытайлық қаржы 30 млрд доллардан асты. Кездесуде Мемлекет басшысы технологиялық ынтымақтастықтың алдағы негізгі бағыттарын белгіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екібастұз қаласындағы Data Center Valley жобасына ерекше тоқталғым келеді. Бұл – еліміздің бірегей стратегиялық бастамасы. Аталған жоба Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия цифрлық инфрақұрылымының негізгі тірегі болады деп санаймыз. Басты мақсат – деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты сервистерді және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған халықаралық деңгейдегі платформа қалыптастыру. Инвесторларға толық жабдықталған алаңдар, заманауи инфрақұрылым ұсынылады. 

Қазақстан Қытайды Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын негізгі көлік-логистика хабы болуға тиіс. Осы мақсатта Қазақстан халықаралық жүк тасымалына арналған бірыңғай цифрлық экожүйенің негізін қалап жатыр. Бұл саладағы басты жоба – Smart Cargo платформасы болмақ, онда кедендік, логистикалық қызметтер бір цифрлық ортаға бірігеді. Президент Қытай инвесторларын осы ауқымды бастамаға белсене атсалысуға шақырды. Президент Digital by Default қағидаты бойынша салынатын Алатау қаласы да әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерін ұсынатынын айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сонымен қатар қала өңірдегі жетекші цифрлық қаржы орталықтарының бірі ретінде қызмет етуге тиіс. Осы мақсатта біз цифрлық активтерді, «токендеу», блокчейн технологияларын және криптоиндустрияны дамытуға арналған заманауи құқықтық реттеу жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Бұл жұмыстың басты тірегі бәсекеге қабілетті құқық және салық режимі болатыны сөзсіз. «Алатау» жобасына қатысушылар «Астана» халықаралық қаржы орталығы экожүйесінің мүмкіндіктерін пайдалана алады. 

Қазақстан Президенті сондай-ақ аса маңызды минералдарды игеру, AgriTech, жасанды интеллект және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастыққа тоқталды. Ол Қазақстан мен Қытай бірлесіп Еуразиядағы жаңа технологиялық дәуірдің бейнесін қалыптастыра алатынын атап өтті. Жалпы, Мемлекет басшысының Шанхайға жұмыс сапары аясында жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылды. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?