Бұл ниеттері елордада өткен баламалы энергетиканы дамыту жөніндегі конференция барысында нақты келісіммен бекітілді. Аспан асты елінің және жергілікті сала өкілдері мен мамандары екіжақты серіктестік мәселелерін талқылады. Бұл ретте, еліміздің аумағында жаңартылатын қуат көздері нысандарына арналған құрамдас бөлшектер мен жинақтаушы бұйымдар шығарудың мүмкіндіктері мен әлеуеті жан-жақты сараланды. Аталған өнім түрлерімен болашақта ішкі нарықпен қатар іргелес Орталық Азия елдерін қамтуға болады дейді,- сарапшылар. Салаға қытайлық инвесторлар құятын қаржының жалпы көлемі 1 млрд доллардан асады деп күтілуде.
Алмат Қабыкенов, Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры:
Бұл гибридті нысан болады. Яғни, 400 мегаватт күн және 600 мегаватт жел станцияларының қуаты біріктіріледі. Біз қазір жобаны іске асыру үшін Жамбыл, Алматы және Шығыс Қазақстан аймақтарын қарастырып жатырмыз. Бұл өңірлерде жаңартылатын энергия көздері бойынша зерттеулер жүргізіп, техникалық экономикалық негіздеме жасайтын боламыз. Кейін барып қана оны тисті министрлікке, үкіметке таныстырамыз. Тек бұдан соң жобаны жүзеге асыру жолдары белгілі болады. Қазір жалпы энергетикалық баланста баламалы қуат көздерінің үлесі 4% құрап отыр. 2035 жылға қарай көрсеткішті 15%-ке жеткізуіміз керек. Ол үшін шамамен жылына бір гигаваттан қосып отыру қажет.